"Арсыздықтары қашанға дейін жалғасады": Қоғам белсендісІ Жалаңтөс Баһадүр туралы фильм түсірген өзбектерге шара қолдануға шақырды
Қоғам белсендісі Нұрлыбай Қошаманұлы Жалаңтөс Баһадүр туралы көркем фильм түсіріп, таризхи тұлғаны өздеріне меншіктеген өзбектерді қатаң сынады. |
Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
"Жалаңтөс Баһадүр - қазақ!!!
Осы ФБ желісінде біреу Жалаңтөс Баһадүр қазақ сұлтандарымен жер, меншік иелігі үшін соғысып өтті деп жазады. Жалаңтөс Баһадүрдің қазақ хандарына қарсы жүргізген соғыс хронолггиясын келтіріп, онда:
- 1609 жылы Жалаңтөс Баһадүр Самарқандқа бастырып келген қазақ ханы Әбулиді қуып, Дешті Қыпшаққа дейін шегіндірді.
- 1612 жылы Ташкент пен Түркістанды қазақ билерінен қайтарып алғаны үшін Балх әмірінің қолынан шен алды.
- 1612 жылы қазақ ханы Есім ханды Ташкенттен қуып жіберді.
- 1621 жылы Түркістанға бастырып келген қазақтардың жетекшісі Тұрсын сұлтан әскерін хандықтың территориясынан қуды.
- 1628 жылы қазақ ханы Абули сұлтан әскерін жеңіп, оны Қашқарға дейін «шығарып» салды.
- 1636 жылы Жалаңтөс Баһадүр Сайрамға, қазақ хандарына қарсы әскер тартып және оларды Дешті Қыпшаққа дейін шегіндірді"- дейді өзбектің Эркин Мусурмонов деген
филология ғылымының докторы.
Тіпті соған лығып, "өзбектер ол туралы кино түсірсе дұрыс болған, солар — ақ ала қойсын" деп "бас шұлғи" келісіп, көніп отырғандар да бар екен.
Ондайларға айтарым, Қазақ рулары мен сұлтандары арасында жер иелігі, меншік үшін ара ашар соғыстар қашанда, қай заманда да болған. Сол бір- бірімен қырылысқан қазақ сұлтандары, хандары қанша алауыз болса да ешқашанда ұлтын, қанын сатқан емес, бәрі қазақ болып тарихта қалды.
"Қазақтар өз — ара қырқысты" екен деп Жалаңтөстің түп негізі, қаны қазақ екенін ешкім тарихтан сызып тастай және солай екен деп өзге жұрт- өзбектің оны өзіне де меншіктеуге де моралдық құқы жоқ. Оның бүкіл ұрпағы, шежіресі бүгінде тек қазақ арасында ғана сақталған.
Өзбектердің қазақтың небір тарихи тұлғаларын өздеріне телуі үнемі болған. Кезінде Т.Рысқұлов, С.Рахимов, О.Таңсықбаев, А.Жармұхамедовты, Алпамысты т.б. қазақ жақсыларын өзбек етіп, артынан абыройсыздықпен қайтарғанын да ұмытқан жоқпыз.
Өзекеңдердің қараулығына қашан тиым болады, арсыздықтары қашанға дейін жалғасады. Төрт көзіміз түгел жүріп, осылай үндемей бар жақсымызды өзгелерге жазып беріп отыра береміз бе? СІМ, Үкімет, парламент, қазақ тарихшылары мен шежірешілері қайда қарап отыр? Бізде осы өзбектің қараулығына ресми жауап беретін, нота жіберетін ресми билік бар ма жоқ па?
Қазақ тарихы әркімге кесіп алып, үлестіре беретін киіз туырлық емес. Бір анық, Жалаңтөс батыр — Қазақ!!!
Н. Қошаманұлы, 19.02.2024", — деп жазды ол.
Еске сала кетейік, өзбек киноматографистері Самарқан әмірі, Регистанды құтқарған атақты қолбасшы Жалаңтөс Баһадүр туралы тарихи фильм түсірген. Кинода өзбек актёрлерімен қатар Қазақстан, Қырғызстанның кино жұлдыздары бой көрсеткен. Фильм премьерасы Наурыз мерекесі қарсаңында жоспарланған.