Семейдегі әскери бөлімдерде Балаларды қорғау күні аталып өтті

Семейдегі әскери бөлімдерде Балаларды қорғау күні аталып өтті


Солардың бірі алғаш рет әуе базасында өтті.

Абай гарнизонының ұшу алаңында ашық есік күні өтіп, 54853 және 44736 әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері балалар мен олардың ата-аналарына ерекше күн сыйлады. Іс-шараның негізгі мақсаты – жас ұрпақтың бойында әскери-патриоттық рухты қалыптастыру және әскери қызметтің маңыздылығын көрсету.

Балалар әскери бөлімнің тыныс-тіршілігімен танысып, әскери киім үлгілері мен авиациялық техника түрлерін тамашалады. Әсіресе, қару-жарақ пен тікұшақтардың көрмесі бүлдіршіндердің ерекше қызығушылығын тудырды. Балабақша тәрбиеленушілері мен мектеп оқушыларына арнайы дайындалған көрмеде заманауи атыс қарулары мен әскери техниканың мүмкіндіктері таныстырылды.

Әскери қызметшілер қонақтарға тікелей сұрақтарға жауап беріп, әскери мамандықтар туралы айтып берді. Іс-шара балалар үшін ұмытылмас әсер қалдырды.

Осындай тәрбиелік мәні зор кездесулер жас ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті арттырып, әскери қызметке деген қызығушылықты оята түсері сөзсіз.

"Халықаралық балаларды қорғау күні – бұл әрқашан жарқын, шуақты, балалық шақтың нағыз қуанышты мерекесі. Балаларды қорғау күні – бұл балалардың өздері үшін көңілді мереке ғана болмай, қоғамға барлық балалардың бақытты болып өсуі, оқуы, патриоттық бағытта тәрбиеленуі өте маңызды екенін еске салады. Балалар біздің болашақ ізбасарларымыз, сондықтан әрбір бала ата-анасынан, үлкендерден үлгі алып өседі. Мерекелік шараға екі жүзге жуық балалар қатысып отыр. Оның аясында әртүрлі байқаулар да ұйымдастырылды. Балалардың көңілінен шықты деп ойлаймын", — дейді 54835 әскери бөлімінің командирі полковник Азамат Базылов.

Сурет: Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі