Алматыда үйлерді бұзу туралы ақпарат жалған
Алматыда Әуезов ауданының шағын аудандарындағы панельді үйлерді бұзу туралы ақпарат теріске шығарылды, деп хабарлайды LS.
Қала құрылысы және урбанистика басқармасы LS-ке БАҚ-та пайда болған ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлады.
"Өткен жылы бекітілген қаланың 2040 жылға дейінгі бас жоспарына және оған егжей-тегжейлі жоспарлаудың жаңа жобаларына сәйкес жоғарыда аталған шағын аудандарда қолданыстағы ірі панельді үйлерді бұзу қарастырылмаған", — деп атап өтті басқарма басшысының орынбасары Еркебұлан Сембаев.
Ол бас жоспар қалалық кеңістіктердің функционалдық аймақтарын реттейтінін, онда болашақ жаңартуды ескере отырып, нақты шағын аудандардың тығыздығы мен қабаттылығы анықталғанын айтты.
"Кез келген ғимарат мәңгілік емес екенін түсіну керек. Тұрғын үй қорын жаңарту қажеттілігі туындайды. Әрине, негізгі критерийдің бірі қала тұрғындарының қауіпсіздігі. Яғни тұрғын үйлердің жер сілкінісіне төзімділік дәрежесіне байланысты", — деп түсіндірді ол.
Өз кезегінде Қазақстан қала құрылысшылары одағының президенті Любовь Нысанбаева негізсіз қауесеттерді таратудың қажеті жоқ екеніне назар аударды.
Ол соңғы уақытта әкімдіктің шешімі бойынша немесе бас жоспарға сәйкес қаланың осы бөлігінде панельді үйлерді бұзу мүмкіндігі туралы пікірлер пайда болғанын түсіндірді. Алайда, оның сөзінше бұл олай емес.
Оның айтуынша, бір кездері бұл үйлер Алматы тұрғындарын тез баспанамен қамтамасыз еткен. Ал ол аудандардың орналасқан жері өмір сүруге ыңғайлы.
"Бұл үй панельдерінің зауыттық өндірісі жоғары сапалы құрылысты қамтамасыз етті. Олар классикалық аудандар болмаса да, олардың құрылғысы өмір сүруге ыңғайлы болды. Сонымен қатар, сауатты жобаланған көгалдандыру жүйесі сақталған, бұл аймақтарға ерекше құндылық қосады. Бұл ғимараттар өздерінің орташа қызмет ету мерзімінен асып кетті және оларды жаңарту қажет болатын сәт болады, бірақ бұл ертең де, 10 жылдан кейін де болмайды. Құрылыс салушыларға олардың астында 200 метрге жуық тереңдікке созылатын тас-малтатастан тұратын сенімді негіз бар екенін ескерсек, олардың орнына жаңа ғимараттар салу тиімді болуы мүмкін, бірақ бұл алыс болашақта болуы мүмкін", — деп толықтырды Нысанбаева.